Қалалық сайыстан әлемдік додаға дейін

2017  жыл – балалар спортын дамыту жылы

Бүгінде елімізде балалар спортының  дамуына көп көңіл бөлініп отыр. Мемлекет тарапынан спортқа, оның ішінде балалар спортына жан – жақты қолдау көрсетілуде. Өйткені балалар спорты - біздің болашағымыз.

32eОлимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің жекпе-жек түрлері бойынша мектептің есігі алғашқы рет 1961 жылы ашылған болатын.
Жартығасырлық тарихы бар мектептің тамыры тереңде жатыр. Кеңес уақытынан бастап тәуелсіз Қазақстанға дейінгі кезеңде талай өзгерістер мен реформалардан өткен мектеп 2003 жылғы 5 мамырда қайта құрылды. Бүгінде спорт мектебінің негізгі мақсаты - дүбірлі жарыстарда қала, облыс, республика мүддесін қорғайтын спортшыларды тәрбиелеу. Мектепте 35 жаттықтырушы жұмыс істейді. 3 жаттықтырушының «Қазақстан Республикасының Еңбегі сiңген жаттықтырушы» деген атағы бар. Олар: Жармұхамедов Нұрбай Жалбақұлы, Кукебаев Азамат Есімханұлы, Аманқұлов Нұрлан Айсаұлы.
Мектептің 6 бөлімшесінде  1050 спортшы 9 спорт түрімен шұғылданады. Олар: бокс, грек-рим күресі, еркін күресі, дзюдо күресі, самбо күресі, және шығыс жекпе-жек спорт түрлері: таеквондо, каратэ-до, каратэ-шинкиокушинкай, джиу-джитсу.

32r2008 жылы таэквондо спорт түрі, 2010 жылы каратэ-до және каратэ-шинкиокушинкай түрлерін, 2012 жылы джиу-джитсу спорт түрі енгізілді. Оқу-жаттығу сабақтары «Жастар» спорт сарайында, «Өркен» спорт кешенінің залында жүргізіледі.

Күресудің шебері

2003 жылдан бастап бұл мектепке Жармұхамедов Нұрбай Жалбақұлы басшылық етіп келеді.
Нұрбай Жалбақұлының  спорттағы өміріне көз жүгіртсек, ауыл баласының спортқа әуестігі қазіргі  балаларға  үлгі боларлық жол. Ауылдың ауыр еңбегіне 10 жасынан  бастап ширыққан Нұрбайдың  шыңдалған жігері, оны үлкен спортқа әкелген еді. 18 жасында КСРО Кубогының  қола жүлдегері атанған сәтте оның қарсыластары арасында әлем чемпиондары да болған екен. 1975 жылы Нұрбай үшін  ұмытылмас жыл. Өйткені бұған дейін самбодан қазақ жігіттерінің арасында мұндай  жеңіс тұғырына ешкім көтерілмеген екен. Осы жеңісі үшін сол кезде облыс басшысы оған бір бөлмелі пәтер берген. Бірақ Нұрбай  студент жолдастарынан бөлінгісі келмей пәтерден бас тартқан.
Оның  бұдан кейін жеткен жеңіс тұғырлары – студенттер арасында самбодан қатарынан 5 рет КСРО чемпионы атанды, ауыл спортшылары  арасында самбодан 7 дүркін КСРО чемпионы атанды. Атақтары жер жарған Роман Дмитриев,Юрий Круглов, Сергей Белов сияқты чемпиондарды  жеңіп жүрді. Осындай жеңістерді місе тұтқан мінезінде салмақтылық пен қарапайымдылық басым Нұрбай Жалбақұлы  бұдан кейін жас та  болса балаларды  спортқа баулу  ісіне бет бұрды.  25 жасында Қазақстанның ең жас еңбегі сіңген жаттықтырушы атағына ие болған Нұрбай Жалбақұлы бүгінде жастар арасында КСРО, әлем чемпиондарын дайындаған белгілі бапкер.

32eeСіңірген еңбекте   нәтиже бар

2003 жылдан бері  ол басқарған мектептің түлектері үлкен ареналарда табысты өнер көрсетіп келеді.  Бүгінде жекпе-жек  мектебі  еліміздің абыройын, атағын асқақтата көтерген, дүние жүзіне белгілі танымал, көптеген атақты спортшылар тәрбиеленіп шықты.
Олардың  ішінде грек-рим күресінен2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Георгий Цурцумиа, 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2009 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Теңізбаев Нұрбақыт, Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Корея, 2008 ж. )Андрей Сватковский тағы басқа ондаған чемпионды атауға болады.
2006 жылы Әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындағаны үшін Алматы облысының спорт өміріне белсенді түрде атсалысып, жемісті еңбек еткені үшін жекпе-жек мектебі І орын дипломымен марапатталды.

32eeeЖастарды спортқа  баулуға атсалысу

Жасөспірімдер мен жастарды спортқа баулу, жергілікті жерлерде спорт түрлерін дамыту мен бұқара халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында:
1.    Бокстан – Ақсу ауданының Арасан және Көшкентал ауылдарында;
2.    Грек-рим күресінен – Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында;
3.    Еркін күрестен – Ақсу ауданының Суықсай және Қапал ауылдарында
Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында, Көксу ауданының Мәмбет ауылында,
4. Дзюдо күресінен – Көксу ауданының Мұқры ауылында;
5.    Самбо күресінен – Алакөл ауданының Бұлақты және Бескөл ауылдарында;
6.    Таеквондодан – Талғар ауданы Еркін ауылында филиалдар жұмыс істейді.
Өзі ауылдан шыққан соң Нұрбай Жалбақұлының ауыл  спортын дамытуға іші бұрып тұратыны рас. Жоғарыда аталған ауылдарда спорт мектептерінің  жұмыс істеуіне  әріптестерімен бірігіп, тікелей атсалысқанын теріске шығара алмаймыз.
Жасыратыны жоқ, шағын елді мекендерді айтпағанның өзінде халқының саны көп  ауылдардың өзінде ойдағыдай спорт алаңдары мен спорт залдары жоқ. Олимпиадалық спорт түрлеріне баулитын кәсіпқой спорт мамандары ауылдарда жоқтың қасы. Ал, нағыз шымыр, спортқа бейім ауылдың қарадомалақ балаларын спортқа кім баулиды, Нұрбай ағалары сияқты жанашыр болмаса, десекте бұл мектептің шығар биіктері әлі алда.

       Гүлжанат Рамазанова

Поделиться:

Просмотров: 54