Қант қызылшасының бейнеті қатты, түбірі тәтті

●Көксу қант зауыты 1932-1934 жылдары бой көтерген.
●Кәсіпорын басшысы Абатов Алтынбек Абатұлы.
●Кәсіпорын Балпық би ауылында, Амангелді көшесінде орналасқан.
●Жұмысшылар саны: маусым кезінде 540 адам жұмыс жасайды.
●Шығаратын өнімдері: қант, меласса, жом.
●Өндірістік қуаттылығы: маусымына 300 мың теңге.

Қабылдауды 20 қыркүйектен бастаған «Көксу қант зауытында» жұмыс қызу жүруде. Ол - тынымсыз тірліктен жалықпай, әр жыл сайын жетістікке жетуге құлшынатын қызылшашылардың еңбегі ерен екендігін аңғартады.

Шығын шықпай, кіріс кірмейді

Биылғы маусымда «Көксу қант зауытына» автокеруенмен алғашқы дақыл Қапшағай қаласынан 50 тоннадан астам қант қызылшасы жеткізіліпті. «Есен-Аман» шаруа қожалығы алғаш рет 20 гектар жерге дақыл сепкен. Тәтті түбірдің қанттылығы – 19 пайызды құрайды. Бұл – жақсы көрсеткіш.

40zЖаңа техни­ка­ның арқасында зауыт бір кезекте 6 мың тон­на тәтті түбір қабылдай алады.
Кезекте тұрған көліктердің дақылдарының ірілігі көзге бірден түсті. Жоғары өнімге қол жеткізудің басты себебі – тұқым сапалығы. Сапалы дақылды шыққан сәттен бастап, арамшөптерден тазартып, қажетті тыңайтқыштармен қамтамасыз етіп, күтіп баптау жұмыстарын үздіксіз жүргізе отырып жеткен жетістік үмітті ақтары сөзсіз.
Алыс-жақыннан тасымалдананатын қант қызылшасын еш кедергісіз қабылдап жатыр.Қазіргі кезде 44 мың тонна қант қызылшасы қабылданып, рет-ретімен өңделуде.
Қызылшаны тракторына тиеп алып, жас қызылшашы Мұқыры ауылының тұрғыны Әбдуәлі Жанасыл өзінің дақылынан көрер пайданы білуге асығып кезекте тұр.
-    Биыл көктем жай шықты. Соған байланысты қызылшаны кеш септік. Оған қоса, жаңбырсыз жаз болды. Менікі шағын кәсіп болғандықтан шығынды азырақ шығару жұмыстар жүргізу барысында, көп еңбек жасалды. Бұйырса оң нәтиже беріп, еңбегім ақталар, -  деп кезекті көлігінде отырып күткен Жанасыл маңдайынан шыққан терді қолымен сүртіп, өз кезегін күтуді одан әрі жалғастырды.
Келесі кезекте тұрған Әкімжанов Мадияр Үштөбе қаласынан тиеп әкелген қызылшасының ірілігін көрсетіп, өзінің құпиясымен бөлісті.
-    Ауылшаруашылығымен айналысатын адамдар  тұқымға аз шығын шығаруды жоспарлайды. Ол қате пікір. Егер сіздің тұқымыңыз бен күтіміңіз жақсы болса ол сіздің сеніміңізді ақтайды. Шіріп кеткен, солғын тұқымдар арзан бағада сатылады соған қарай жүгіретіндер опық жеп жатыр. Тұқымнан шыққанның өзінде ұсақ болады. Мен неміс тұқымын көп қолданамын. Бәрібір шығын шықпай, кіріс кірмейді, – деген кеңес берген бұл азамат ауылшаруашылығына ден қойғалы біраз жыл болғанын байқатты.
Көксу қант зауытында былтырға қарағанда тасымалдаушы сандар көрсеткіші сәл төмендегені байқалады. Оған себеп, Ақсу қант зауыты іске қосылды. Қант қызылшасының 1 тоннасы 17 мың теңгені құрайды.
Әзірге Қаратал, Ескелді, Көксу аудандарымен қоса Талдықорған, Қапшағай қаласынан келген қант қызылшасы қабылданып жатыр. 5 қазанда жаңа маусымның алғашқы қанты өндіріліпті. Бастапқы бес күнде 200 тонна қант шығарып үлгерді.

40xАлматы облысының қантқа де­ген қажеттілігі – жылына 37 мың тон­наның маңайында. Биыл бұл қажеттілікті толықтай жабуға мүмкіндік бар.
«Көк­су» қант зауыты 250 мың тоннаға бір рет жетсе, одан әрі 300 мың тонна болатын жо­балық қуатына шығуға мүмкіндік алады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл облыс көлемі бойынша қызылшаның егіс көлемі біршама артты. Шамамен тоғыз мың гектар құрайды. «Көксу» қант зауыты 20 мың тонна қант шығарса, «Ақсу» қант зауыты одан төменірек 10 мың тонна өндіруді жоспарлап отыр. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, былтыр 560 шаруа қожалығы қызылша өсірумен айналысса, биыл олардың саны 780-ге жеткен. 2018 жылы бұл көрсеткіш ұлғаятыны анық.

Бірігіп көтерген жүк жеңіл

Қазіргі уақытта қант қызылшасы мен қант борығы Жер шарында әрқайсысы шамамен 7 миллион гектар алқапта өсіріледі. Дегенмен, қызылшада қант аз болғандықтан дүниежүзінде қанттың 60 пайызы қант борығынан өндіріледі.
Соған қарамастан, биыл қызылша егу көлемі біршама артты. Тынымсыз еңбек пен Үкімет тарапынан жасалынып жатқан көмектер оң әсер етіп жатқаны байқалады. Табиғи өнімге ғана көңіл бөлсек, деніміздің сау болатынын да ескерген жөн.
Сонымен қатар, ауылшаруашылығына жастар жағы көбірек ден қойса екен. Үстелдің артында отырып, шірінуді ойламай, қара жұмыстың да дәулеті бар екенін аңғарса екен.

Ардагүл ӘСКЕРБЕК

Поделиться:

Просмотров: 50