«Ұлттық ойын–халық мұрасы»

«Жас-Ұлан» бөбекжай балабақшасында

Мақсаты: Халқымыздың ұлттық ойындарының  қалай  қалыптасқандығы, оның атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып, жалғасып отырғандығы туралы мағлұмат беру.
Ұлттық ойын түрлерінің мазмұнын түсіндіру, жарыс түрінде көрсетіп, қызығушылықтарын арттыру. Ата бабамыздан бізге жеткен баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз ұлттық ойын екендігін біліп өсуге денсаулығын шыңдай түсуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер:  Ұлттық ойын салынған суреттер, қамшы, жасалған аттар, асықтар, қоржын, текеметтер, оюлар, теңгелер.

40m-    Балалар, бүгінгі өтетін тақырыбымыз «Ұлттық ойын –халық  мұрасы» Яғни, бүгін біз «Ұлттық ойындар» туралы мағлұматтар ала отырып, ұлттық ойындарды ойнаймыз.
Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Соладың қай-қайсысы да адамға, соның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлт ойындары. Бұрын ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық қайраткерлері ойын үстінде көрінген. Сол ойын арқылы шынығып, өзінің бойындағы табиғи дарынның шыңдай түскен. Ұлт ойындары осылайша атадан-балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған. Ойын тек адамның күш қуатын молайтып қана қоймай, даманың ақыл ойының толысуына, есейіп өсуіне де көп пайдасын тигізеді.
-    Ал, балалар, кім қандай ұлттық ойын түрлерін біледі?
Балалардың жауабы: «Асық» ойыны, «Бәйге» ойыны, «Тақия тастамақ» ойыны, «Ханталапай» ойыны, «Қыз қуу» ойыны.

40a-    Жарайсыңдар балалар! Сендер көп ойын түрлерін біледі екенсіңдер.
-    Балалар осы ойындарды ойнау үшін қандай мінез –құлықта болу қажет?
Балалардың жауабы: Өжеттілік, мергендік, тапқырлық, шапшаңдық және батылдық болу қажет.
-    Олай болса, балалар, келесі кезекте жаттаған тақпақтарыңа кезек берейік.
Дамир: Қошақан, қошақан,
Шапқылайсың даламен.
Дос болайық қошақан,
Мен сияқты баламен.
Аружан: Қошақанға келіңіздер,
Кереметін көріңіздер
Бақшамызды көркейтуге
Үлес қоса біліңіздер.
Раяна: Әзір титтец баламыз,
Әзір балаң ойымыз,
Тек қуамыз ойын біз
Ұзарады бойымыз.
Алим: Толысады ойымыз,
Өйткені біз күн санап.
Өсіп келе жатырмыз.
5-ке толған батырмыз!
Фатима: Жасыл жаз келеді,
Самал беттен өбеді
Көкте бұлттар көбейсе
Мөлдір тамшы төгеді.
Ақтөре: Кел, қанекей келіңдер,
Тамашаны көріңдер.
Бізде қызық ойын бар
Барлығың ден қойыңдар.
Қарақат: Тентек болма қошақан
Еріншек болма қошақан.
Кең далаға сенімен,
Жарысып мен жүгірем.
Алихан: Алақай-ау, алақай,
Той тойлайық балақай
Қызарғанша алақан,
Қол соғайық балақай!
Ардана: Мен бақшаға барамын,
Ойнаймын ән саламын
Тәрбиеші апайлар,
Досы барлық баланың.
Қадір: Бәйге міне басталды,
Қосылдым менде шетінен
Озып шықсам егерде,
Әжем сүйер бетімнен.
Тәрбиеші: Қой баласы қоңырым,
Қойдан жуас момыным,
Шопан ата түлегі.
Қошақаным қайдасың -дей келе «Қошақаным» әнін қабыл алыңыздар!
Балалар «Қошақаным» әнін орындайды.
-    Жарайсыңдар, балалар! Сендер «Қошақаным» әнін өте жақсы орындадыңдар.
-    Енді балақайлар ұлттық ойындарымызды ойнайық.
-    Қанекей, балалар «Қыз қуу» ойынын бастайық.
Балалар «Қыз қуу» ойынын қызығушылықпен ойнайды.
-    Келесі ойынымыз «Ханталапай» ойыны
Балалар ойынды шеңбер болып отырып ойнайды.
Тәрбиеші: Ала алмасаң теңгені,
Мазақ қылар көпшілік.
Алу үшін теңгені
Керек екен ептілік.
-    Ал, қанекей балалар, «Теңге алу» ойынын ойнайық
Балалар ойынды ойнайды.
-    Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырамын, ал сендер жауабын шешіңдер.
Сырт жағына сыр жіппен,
Көз тартатын көрінген.
Ою-өрнек бастырған,
Шалқасынан тастаған.
Балалар жұмбақты шешеді: «Тақия»
«Тақия тастамақ» ойыны ойналады.
-    Балалар, қанекей ұлдар ортаға шығып «Асық ату» ойынын ойнайық.
-    Ұл бала қызығушылықпен «Асық ату» ойынын ойнайды.
-    Балалар сендерге ұлттық ойындар ұнады ма?
Балалардың жауабы: Иә
-    Соңғы ойынымыз, «Арқан тарту» ойынын ойнайық.
Балалар екіге бөлініп ортадағы арқанды мықтап ұстап өз жақтарына тартады, ойнайды.
Қорытынды: Сонымен, ұлт ойындары ата –бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз.
Ойын дегеніміз тынысы кең, алысқа меңзейтін ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе, ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.
-    Осымен балалар, біздің «Ұлттық ойын – халық мұрасы» атты ашық сабағымыз аяқталды.
Сау болыңыздар!

Ақмолдаева Арайлым,
Құлтанова Катипа,
«Жас-Ұлан» бөбекжай балабақшасының тәрбиешілері

Поделиться:

Просмотров: 10