ӘУЛИЕ БАБАМЫЗ ЖАЙЛЫ БАЙЫПТЫ ӘҢГІМЕ

20uӨткен жұмада Ескелді аудандық Мәдениет үйінде   ХVIII ғасырда күллі қазақ халқына қауіп төнгенде  ел қорғаған батыр, орақ ауызды, от  тілді шешен,қара қылды қақ жарған би,әулиелік ғаламат қасиеттері  бар Ескелді би Жылкелдіұлының 325 жылдығының құрметіне  аймақтық  «Ескелді би оқулары» өткізілді.
Мұндай  игі шара  2008  жылдан бастап ауданның жалпы білім беретін  мектептерінің оқушылары арасында  бабамыздың  қайраткерлігін, батырлығын, жоңғар мен қалмақтарға қарсы күрестегі ерен ерлігін насихаттау, ұлы бидің шешендік сөздеріне деген құштарлығын арттыру, ғақлия сөздерінің құдыретін жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету мақсатында өткізіліп келеді.
Биылғы  жылғы Ескелді би оқуларының  ұйымдастырылуына облыстық білім беру басқармасы, аудандық  әкімдік және аудандық білім беру бөлімі  бастамашы болып, белсене атсалысты. Соның нәтижесінде биылғы  Ескелді би оқуларының орны ерекше болып, бұл  оқулар батыр бабамыздың туғанына 325 жыл толуына орай тұңғыш рет аймақтық деңгейде өткізілді. Сондықтан  бұл  іс-шараға  қатысуға  Алакөл, Ақсу,  Көксу, Сарқан, Қаратал, Кербұлақ, Ескелді  аудандары мен Талдықорған, Текелі  қалалаларынан  талантты, дарынды  оқушылар жиналып, бақтарын  сынады.

 Қара қылды қақ жарған Ескелді би

ХV  ғасырдың аяғында басталған жоңғар, ойрат, қалмақ пен қазақтар соғысы емін-еркін көшіп-қонып жүрген тұрғылықты халықтарға сұмдық зобалаң туғызады.  Осындай қиын-қыстау кезеңде халқының қамын ойлап, қазақ елінің азаттығы жолында арыстандай алысқан  батырлар да, ел бастаған көсемдер де, қара қылды қақ жарған би-шешендер де  жетерлік болған. Солардың бірі - көзінің тірісінде-ақ әулие атанған Ескелді би  Жылкелдіұлы еді.
Аты аңызға айналған батыр бабамыз  1692 жылы  Жетісу өңіріндегі Қаратал өзенінің бойында дүниеге келген.Анасы Ұланбике атақты Төле бидің қызы екен. Ескелдінің жастайынан зерек, тапқыр болып өсуіне атаның қанымен,ананың  сүтімен   берілген қасиеті де, қоршаған ортасы  да игі ықпал еткен.
Төле би жиені бес жасқа толғанда ұлы жүздің бар жақсысын шақырып, Ескелдіні оң тізесіне отырғызып: "Ақыл-есім орнына келді, енді бір он бес жыл жасаймын" — деп, өзінің де алдағы ғұмырын болжаған екен. Бұл жолы Төле би ең ұлы үш батасының бірін Ескелдіге берген екен.Сондықтан да болар  атамыз Ескелдінің  өзі батыр,өзі қолбасы,өзі әулие,өзі би  болуына осы дуалы батаның да әсері болғаны даусыз.
Ол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары батырларды өз маңына жинап, жоңғар шапқыншылығына қарсы қанды шайқастарда қаһармандық көрсетті. Кейін Ескелді би бастаған  қол Аңырақай шайқасына, Аягөз бен қазіргі Текелі қаласынан әрідегі Жолбарыс сайы, Балдырғанды, Қызқұлаған деген жерлерде өткен шайқастарға қатысып, қазақ жерін жаудан азат етуге елеулі үлес қосты.
Ескелді бидің Абылай ханның сенімді серігі болғаны жайында да аңыздар сақталған. Абылай өмір-бақи Ескелдіні ес тұтып, тоғанақ кеңестерінен қалдырмай өтсе, Ескелді Абылайды ғұмыр бойы басына көтеріп, оның ақ туының астынан табылып отырған. Қорамсақтан қолы, биліктен аузы босамаған.

20iКиелі кесене - бабаға тағзым

1992 жылы бабамыздың  туғанына 300 жыл толуына орай Жетісу жерінде республикалық ғылыми-танымдық құрылтай өткізіліп,басына сәулетті кесене тұрғызылған болатын.  Өткен  жылы  ҚР Академиясының академигі бабаның жетінші ұрпағы Еділ Ерғожиннің бастамасымен, әрі өзінің қаражатымен кесене қайта салынды. Ірге тасынан бастап, қабырғасы көтеріліп, күмбезіне дейін жаңғырып, жаңа келбетке ие болды. Талдықорған  мен Үштөбе қалаларының дәл ортасында орналасқан бұл  кесене  бүгінде алты алаштың баласы келіп, зиярат ететін киелі орынға айналды. Осы бір  тағылымды істің-басы қасында атамыздың  тікелей ұрпақтары - аты әлемге әйгілі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Академигі Еділ Ерғожин мен Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің бас редакторы Сәбит Биболов  ағаларымыздың жүргенін ерекше атап өткен жөн.

Байқау - даналықтың  дариясынан сусындау

«Ескелді оқулары» бағдарламасы бойынша өңірлік байқауға 16 оқушы қатысып, олар  «Ескелді  би айтқан  шешендік сөздер», «Ескелді бидің ғақлия сөздерін жатқа оқу» және «Ескелді би есімі ақындар жырында»  тақырыптары бойынша үш кезеңде  өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ жазушылар Ұзақбай Доспанбетовтың «Абылайдың ақ туы» романынан Ескелді би туралы және Сәбит Биболовтың «Ескелді би – даналық дариясы» кітабынан үзінділерді мәнерлеп оқыды. Үміткерлердің барлығы да өздері әзірлеп келген дүниелерін жұртшылыққа тартымды да мазмұнды, шынайы да әсерлі етіп жеткізуге талпынды. Дегенмен, «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегендей, әр кезең сайын, шашасына шаң жұқтырмас жүйріктер қалың топтан сытылып шығып, көмбеге бас жүлдеге лайықты 3 – 4 оқушы иық тірестіріп келді. Құрамында Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің бас редакторы Сәбит Жұмабайұлы Биболов, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі- Сайлаубай Есжанұлы Тойлыбаев, белгілі айтыс ақыны, облыстық «Алатау»газетінің бас редакторы  Айтақын  Мұхамедиұлы Бұлғақов, филология ғылымдарының докторы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік Университетінің оқытушысы Мұратбек Мубаракханұлы Имангазинов тағы басқа сөз зергерлері топтасқан әділқазылар алқасының жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін біраз «басқатыруларына» тура келді. Әрбір қатысушының өнерін жеке-жеке талдап, таразыдан екшегеннен кейін барып, сахна төріне шыққан әділқазылар әркімнің өзіне бұйырған еншісін салтанатты жағдайда табыстады.

Жүлдегерлер

Бас жүлдеге Ескелді ауданы,Жетісу орта мектебінің оқушысы Тілеу Бақжол ие болды. Қаратал ауданынан келген Жамбыл атындағы орта мектебінің оқушысы Нұрсағи Айсұлу     бірінші жүлдегер атанды. Ескелді ауданы М.Байысов атындағы орта мектептің түлегі Гаухар Тұрғанбай мен талдықорғандық №2-орта мектептен Сая Сатыбалдиеваға  екінші орын берілді. Сарқан ауданы Алмалы орта мектебінің оқушысы Баян Дүйсенқожа мен Ескелді ауданындағы  Ш. Уалиханов атындағы  орта мектептен Әйгерім Жақай,  Б.Жолбарысұлы  атындағы орта мектептен      Жұмагүл Маратханқызы және  Қоңыр орта мектебінен     Нұрболат Тұрсынов  үшінші жүлделі орындармен марапатталды. Алакөл ауданы Жыланды орта мектебінен келген Жансая Илбисхан «Сәтті қадам»,  Ескелді ауданы,Мәметова атындағы орта мектеп оқушысы  Мөлдір Тұрсынғалиева «Көрермен көзайымы» номинацияларымен атап өтілді.
Сондай-ақ жүлдегерлер Алматы облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталып, демеушілер тағайындаған ақшалай сыйлықтар мен ақын Сайлаубай Тойлыбаев пен жазушы Сәбит Биболов кітаптарын сыйға тартты.
Ескелді бабамыздың есімі ауданның әрбір азаматы үшін қасиетті де киелі. Елбасының жарлығымен 73 жыл үзілістен кейін 2000 жылы  баба есімі ауданға қайта беріліп, аудан орталығы Қарабұлақ кентінде  ескерткіші  орнатылды. Бүгінде аудан халқы  бабамыздың есімін естен шығармай қадірлеп-қастерлеп, жүрегінің төрінде  ұстауда. Ескелді бидің ұлағатты сөздерін жол көрсетер шамшырақ ретінде  келешек  ұрпақтың санасына  сіңіру бағытында да  айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.
Ескергенді ескеремін,
Ескермегенді дес көремін,
Өзін ескерген өзгені де ескерсін.
Кімде-кім мені ескерсе,
Мен оған ес беремін,
- деп бабамыз атап кеткендей, Ескелді биді еске алатын  осындай игі іс-шаралар әлі де жалғасын таба беретіні сөзсіз. Бұған өткен осы игі шара нақты дәлел болса керек. Бұл күні батыр бабамыз жайлы пайымды пікірлер мен байыпты әңгімелер өрбіп, тың деректер де тілге тиек етілді.

Тілге тиек тілек

Жастар мен оқушыларымызға шешендік мектептің алдыңғы сатысы бола алатын осындай байқаулар алдағы уақытта аймақтық немесе өңірлік деп шектелмей, ұлан-ғайыр облысымыздың көлемін қамтитындай, оған барлық аудандардан,облыс аумағындағы қалалардан оқушылар қамтылса деген тілекті  айта кеткенді жөн көрдік.  Жалпы қазақтың қанында бар шешендік өнерін бүгінде біз жоғалтып алғанымыз анық. Ауыз әдебиеті дамыған қазақтың тұрмысында шешендік өнерді игерген жан өзгелерден озық тұрған.Оған Ескелді бабамыздың ғибратты ғұмыры куә.
Олай болса болашақта бір жапырақ қағазға жазылған ойға жармаспай, көсіліп сөйлей алатын шешендерді осындай «Ескелді оқулары» сияқты шаралар арқылы жүзеге неге асырмасқа?

Шора батыр

Поделиться:

Просмотров: 87