Өмір ағысынан қалғандар (Таңжарық, Роман, Матвеич, тағы басқалар..)

Адасқандар

Нағыз қателік – түзелмей келе жатқан қателік

Атақты режиссер Эльдар Рязановтың «Небеса обетованные» деген фильмі есіңізде ме? Өмір ағысына ілесе алмай үйден-күйден, бала-шағадан айырылған бір топ адам жан рахатын аспан әлемінен іздемек болып, жолға шығады фильмнің соңында... Тың көзбен қарасақ, әрине фантастика дерсіз, бірақ... бұл өмір философиясы. Төңірекке бір сәт көз жүгіртіңізші - жоғалтқанын таппай, тал түсте адасып, талай жандар жүр арамызда.    

39b

кинодан үзінді

Талдықорғандағы Арбаттың маңайында орналасқан көп қабатты үйлердің ауласында үш-төрт ер адам мен екі жас келіншек жиі кездеседі. Белгіленген орындары болса керек, өйткені ұзын жолдың маңында, онымен қоса ағаштары да көп. Жаз болса, емен-қарағаш қауқасы олардың демалатын жері, ал қыс мезгілін саябақтарда өткізеді. Өзара олар дос-жарандар болғанымен, қоғам үшін –"бомждар», яғни тұрақты мекендері жоқ азаматтар.
Расын айтайын, олардың барлығымен жеке таныстығым жоқ, бірақ бір танысым арқылы қайсы-кім екенін жақсы білемін. Менің танысым - Таңжарық. Сол топтың мүшесі. Достары оны Таня деп атайды. Таняны аулада білмейтін жан жоқ. Кейде ауланы сыпырып, кейде подъездерді жуып жүреді. Ақысына алатыны темекі, арақ, азын-аулақ тіске басатын «закуска».
Таңжарық өзі жайлы әңгімесін айтқанды жақсы көретін жан.  Оның қайсысы рас, қайсысы өтірік екені де өзіне ғана мәлім. Адамдармен сөйлескенде жағымпаз сыпайылық танытатын әдеті тағы бар. «Я ведь не всегда такая была» деген сөздерді  жиі айтады. Байқағаным, даладағы өмір жас келіншектің  жүзіне аяусыз белгісін сызыпты  – күннен өңі қарайып, ішімдіктен көздері ісіп, қолдарын күс басқан.  «Менің ешкімге зияным жоқ, ұрылық та жасамаймын» - деп ақталғандай, әңгімесін бастады Таңжарық.
Жасы 49-де. Туған қаласы – Талдықорған. Ағайындарының бәрі осы қалада тұрады. Айтуынша барлығының мәнсабы, жұмысы бар көрінеді.   80-ші жылдары  8 жылдық білімін алып, Өскеменге аттанғанда Таңжарық 15-тегі  жеткіншек қыз екен.
- Жатақханамыз нашар болды. Училищеден шығып саябаққа барамыз. Темекі, шарап ол кезде біз үшін жаңа, қызық нәрсе болатын. Дүниенің қызығы осы шығар деп ойлайтынбыз. Ақымақпыз ғой. Қарнымыз тойса болды, болашақты ойламадық. Бәрі дер кезінде оңалатындай көрінетін маған. Кейде ойлаймын, арақ ішпесем өмірім басқа болар ма деп. Арақтың арқасында тұрмыс та құра алмадым. Туыстарыма мүлдем бармаймын. Оларға менің керегім шамалы.
2000 жылдары анасы туыстарына айтып жүріп Таңжарықты Талдықорғанаға қайтарады. «Мені арақтан құтқару үшін талай бақсыларға апарды ғой шешем» - деп марқұм анасын есіне бір алып қойып әңгімесін ары қарай жалғастырды.
- Анам қайтыс болған соң қалған дүние-мүлікке ие болып, жаңа өмір бастамақшы болдым. Туыстарым арқылы Талдықорғанның маңайындағы бір жеке қожалыққа жұмысқа орналастым. Басында бәрі жақсы сияқты болатын. Бақсы-емшілердің көмегі болар. Бірақ жаман әдеттен мүлдем құтыла алмадым. Арақ мені тағы жеңді. Қазір үйім де, мүлкім  де жоқ. Бірнеше жыл саябақтарда тұрдым. Қазір «достарыммен» біргемін. Менің қасымда жүрген жігіттердің барлығы өзім сияқты жандар. Адамдар бізді «бомждар», «ұрлықшылар» дейді. Басында намыстанатынмын. Қазір бәрі бір. Айта берсін. Өйткені ол біздің өміріміз. Тағдырымыз солай болды. Енді оны өзгерту тек құдайдың қолында.  
Таңертең базар маңайында жүреміз. Жүк көтерісеміз, қоқыстарын шығарамыз. 100 кейде 200 теңге аламыз. Кешке дейін 1000 теңгеге  дейін тапқан күнім болған. Әркім өз қабілетілігіне  қарай ақша табады.
Мысалы, Рома етікті жақсы тігеді. Бірақ тұрақты жұмысы жоқ.  Ішеді.   
Етікші Роман. Рома бұл компанияға жақында қосылыпты. Ақсу ауданында анасы  мен бала-шағасы бар. Осыдан екі жыл бұрын ішімдікке салынған жігітті әйелі үйден қуып жіберген. Таңжарықтын айтуынша кезінде ауылда етік тігумен айналысқан көрінеді.
- Қолынан бәрі келеді, сөмкені қалай жамайтынын көрсеңіз ғой. Нағыз мода журналындағыдай. Өзі сондай жуас. Аузынан жаман сөз шықпайды. Әйелі нағыз ақымақ екен. Бұндай жігітті қолының уысында ұстамай ма? Романың күнделікті табысы жақсы. Өйткені аяқ-киім жөндейді, сөмкелерді тігеді. Кейде қоқыстан тапқан аяқ-киімдерді жөдеп сатып жіберетіні бар. Мен оған «арақты көп ішпе» деп ақылымды айтамын. Оның басқалай өмір сүргенін қалаймын. Өйткені ол ерекше жан. Тек жолы болмаған жігіт.
Матвеич нағыз интеллигент. Оны өзім де байқадым. «Сіз», «біз» деп жаны қалмайды. Таңжарықтың достарының ішіндегі білімі бар жалғыз «бомж». Матвеичты қаланың әр жерінен көруге болады. Баян тартып отырған, ұзын бойлы жігіт. Жасы 55 шамасында.  Кейде Арбатта да  отырады. Тапқан тиын-тебені шамалы. Бірде өзінен артпайды. Бірде компанияға қосылады. Семьясының қайда екенін де ешкім білмейді. Өйткені өзі туралы сыр шерткенді жақтырмайтын көрінеді. Саясат, өмір, махаббат жайында әңгімелерді жақсы көреді. Бірақ «интеллигент» музыкант арақты көп көтере бермейді екен,  ішіп алса көп сөйлеп, мазаны алатын көрінеді.
Таңжарықтың құрбысы Зоя. «Зойка ақымақтың ақымағы. Қолынан түк келмейтін сорлы. Оны осы күйге түсірген жалқаулығы. Жұмыс істегісі келмейді. Ұялмай қолын созып көшеде тұрады. Екі қолы балғадай әйелге ақша тастайтындар аз. Көбіне біздің табысымызға ортақтасып жүреді. Екеуміз осы жайында талай төбелескенбіз. Жігіттер ажыратпаса бір-бірімізді өлтіруге дайынбыз. Бірақ жаным ашиды. Өйткені өмір оны аямады. Оның өмірін тірі жанға бермесін...»
Көптен бері сырттай бақылап жүрген Таңжарықтың әңгімесі  осылай болды. Орысшасы сауатты, мінезі өткір келіншек сөзінің соңында ешнәрсеге өкінбейтінін айтты. Тіпті соңғы рет қашан жылағанын да білмейді. Бір байқағаным, мінезі қулыққа, қатаңдыққа, қаттылыққа әбден бейімделген.
Күнделікті өмірде жиі кездесетін осындай жандарға деген менің көзқарасым әрине, бір кездесуден кейін аяқасты өзгерген жоқ. Сыным да, талабым да бар қоятын.
Таңжарық, Роман, Матвеич әр қалада, әр қоғамда кездеседі. Олардың нақты статусы, оларға қатысты  нақтылы статистика да жоқ. Өйткені оларға деген көзқарас әлемдік қоғамда әлі де қалыптаспаған.

Гүлжанат РАМАЗАНОВА

Поделиться:

Просмотров: 14