Өткен күндер елесі

Жалғасы.
Басы 08.09.2017 жылғы №35 нөмірде

Етікшіге аяқ киімді тазалатқанды мєртебе көрдік

Біздің жергілікті ұлт етікшілік кәсіпті менсінбей жүргенде Алматы қаласында басқа ұлт өкілдері сол кезде-ақ етікшіліктен мол табыс табатын. Сөзім жалаң құрғақ болмас үшін мына жайды айта кеткенді жөн көрдім.

39d1960 жылдары жоғары оқу орындарында сырттай оқитын біздер жаз айында Алматы қаласына жазғы сессияға оқуға баратынбыз. Сонда қаланың көшесінің әрбір қиылысында кішкентай үйшіктерде аяқ киім жөндейтін, тігетін басқа ұлт өкілдері отыратын. Аяқ киім тігудегі, жөндеудегі басқа табысын айтпағанда аяқ киімді кремдеп, щеткалап қыруар табыс табатын. Ол кездері бір қалбыр аяқ киім кремінің бағасы 12 тиын тұратын. Ал етікшінің бір щеткалап бергенінің бағасы 20 тиын тұрады. Етікшінің алдына келіп, шіреніп, аяғымызды тосып тұрамыз. Етікші кремнен щеткаға жұқалап бір жағып алады да бір-екі рет щеткамен, бір жапырақ шүберекпен бір-екі ысып-ысып жібергенде туфлиің жалтырап шыға келеді. Келесі аптада тағы келіп 20 тиыныңды төлеп етікшінің қызметіне жүгінесің. Дүкенде кремнің бағасының 12 тиын тұратынын білесің, сатып алып аяқ киіміңді өзің кремдегенде қаншама тиын тебенің үнем болатынын да жақсы түсінесің. Біріншіден жалқаулық еңсеңді басып тұрса, екіншіден етікшіге кремдеткенді мансап көретін секілдісің, үшіншіден «20 тиын деген немене, сол да ақша болып па» деп менсінбейсің. Осындай ұсақ-түйекті жұмыс демей, елдің аяқ киімін тазалап, шегелеп, тігіп бергеннен арланбай еңбек еткендер ежелден-ақ үйлі, машиналы болып алды. Оны қанағат тұтпай бірнеше үйді иеленуге қол жеткізді.
Сол жылдары жаз кезінде «Қайрат» футбол командасының ойынын көруге стадионға келетін көрермен жанкүйерлер күн ыстық болғандықтан лимонад, минералды су, сыра тағы басқа сусындар ала келіп ішетін. Босаған  ыдыстарын стадионға тастап кететін. Стадионның тазалығына жауапты орыс ұлтының кемпірі бөтелкелерді жинап, өткізген ақшаға, 1965 жыл болса керек, «Волга» жеңіл машинасын сатып алғаны жөніндегі жаңалық қалада «гу» ете түскен-ді. «Волга» демекші, соғыс ардагері, 60 жасқа келген бір ағамыз сол кезде менің ішімде бір «Волга» жеңіл машинасы жатыр ғой деп қарнын сипалап қоятын. Ішкен арағының бағасы бір «Волгаға» пара-пар болғанын астарлап жеткізгені еді.

Жылу жинау

1960-1980 жылдары ауылдарда асар мен қатар жылу жинау деген  дәстүр де болды. Бұл дәстүр шопан болып еңбек етіп жүріп, кездейсоқ бірталай қойға борышты болып қалғандардың басқалардан көмекке, егер жүргізуші болса қоғамның көлігін аударып істен шығарып алса, оны жөндеп орнына қою үшін көмек сұрауы, үйі өртеніп кеткен жағдайда, тағы басқа осындай жағдайларда көп болып жәрдем беру дәстүрін «жылу жинау» деп атаған.

39f1966 жылдың бір жексенбі күні болатын. Кешкі уақытқа құрдас жігіт қонаққа шақырды. Шақырылғандар ұжымдық шаруашылықтың қызметкерлерінің отбасы мен 3-4 мұғалімнің отбасы екен. Шай ішіліп болды. Қонаққа барғаннан кейін арақ шарап да құйылды. Сол үйге туыс болып келетін бригадир жігіт сөз алып - мына үй иесі бәленбайдың жұмысқа жаңа ғана араласып отырғанын, отбасында өзінен басқа еңбек ететін адам жоқ екенін, үйі өте тар, ескі екенін, соны кеңітіп жөндеуге қаражаты жоқ екенін айтты. «Оған әркім шамасына қарай көмек қолын созсақ деймін. Мен колхоздағы еңбекақымнан ұстап қалуға 50 сомға қол қоямын» - деді. Одан ары қарай біреулер 40 сомға, одан кейінгісі 30 сомға, 20 сомға қол қойды. Мұғалімдердікін осында отырған мектеп директоры жалақы келгенде жинап беретін болды.
Мұны «жылу жинау» деп аталатынын бірінші рет көруім. Кейіннен үйіне қонаққа шақырмай - ақ бір жанашыры шығып, жинақ тізімге еңбекақысынан көрсетілген соманы ұстап қалатын болып, қол қойдырып шығатын болды. Малға жығылғандарға малдай да көмек берілетін. Сөйтіп көп болып, жылу жинаудың арқасында   жазадан құтқарып қалатын.
Ұжымдық шаруашылық тарап, жекешелендіру басталған кезге дейін сирек болса да ара- тұра жылу жиналып тұратын.
Оңаша қалып, өткенге көз жіберіп, ой қорытқан да дұрыс болды ма, бұрыс болды ма бастан өткен жоғарыдағыдай жайлардың қоғамымызда орын алғаны жөнінде аз кем баяндағанды жөн көрдім.

Нұртай  Қыдыралыұлы,

Көксу ауданының Құрметті азаматы,

Еңбек ардагері. Талдықорған қаласы

Поделиться:

Просмотров: 13