АЙЫППҰЛ МӨЛШЕРІ АЗАЙТЫЛДЫ

ЖАҢА ЗАҢ

27zТаяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жол жүру ережелері мәселелеріне арналған кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасына қол қойды. Яғни үстіміздегі жылдың 15 шілдесінен бастап жол ережесі заңының жаңа нұсқасы қолданысқа енді. Көлік жүргізушілеріне жеңілдік жасалған жаңа заң жүргізушілердің құқығын арттырып, жол сақшыларының міндетін күшейтіп отыр. Жүргізушілер үшін жақсы жаңалықтардың бірі айыппұл мөлшерінің төмендегені.

Жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедпен жүруге тыйым салынды

Бұған дейін бағдаршамның қызыл түсті белгісі жанған кезде  өтуге болмайтын сызықшаны басып өтіп, көлігін тізгендеген жүргізуші бұрын 11345 теңге айыппұл арқалаған болса, ендігі жерде 6807 теңге төлейді. Ал бұған дейін жүргізушілік куәліктің мерзімі өтіп кеткен жағдайда, жүргізушілік куәлікті алу үшін жол  жүру ережелерін білуін тексеру үшін қайтадан емтихан тапсыратын болса, бұдан былай ешқандай емтихансыз-ақ жаңа куәлікке қол жеткізе аласыз. Сонымен қатар «Жол жүрісі туралы» Заңда түнгі уақытта (сағат 23-тен таңғы 06 сағатқа дейін) қалааралық, ауданаралық қатынастарда автобустармен тұрақты емес тасымалдаулар арқылы жолаушыларды тасымалдауға тыйым салу алынып тасталынды. «D» (автобустар) санатындағы көлік құралын басқару үшін әскери қызметшілердің жасы 19-дан 18 жасқа төмендетілді.   Сондай-ақ заң бойынша жолда тоқтатылған жүргізуші көліктен түспей, полицейді салонда күтіп отыруы тиіс деген заң да өз күшін жойды. Енді полиция көлікті тоқтатқан кезде, жолаушылар полиция қызметкерінің рұқсатын күтпей, көліктен шыға беруіне болады. Ал полицейлер көлікті тоқтатқаннан соң, жақындап, өзін таныстырып, куәлігін көрсетіп, не үшін тоқтатқанын түсіндіріп, пайдаланылатын техникалық құралдардағы деректі көрсетуі тиіс.
Жүргізушілерге қатысты жаңа айыппұлдар;
Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулер өз күшіне енді. Аталған кодекске жүргізушілерге қатысты бірқатар жаза жеңілдесе, енді бірі ауырлай түседі.  Мәселен:
 Жазаны жеңілдету
1.    Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен үш АЕК-ға азаяды. Ал бір жыл ішінде тағы да тәртіп бұзған адам 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
2.    613 баптан полицейлердің рұқсатынсыз автокөлік салонынан түсіп кететін жолаушыларға қатысты жаза алып тасталынады. Енді олар заң бойынша көліктен шыға алады.
 Жазаны ауырлату:
1.    46 бапқа көлікке мас күйінде отырған мүгедек адамдарды көлік жүргізу куәлігінен айыру туралы тармақ қосылды.
2.    596 баптың 3 тармағына (Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына шығу – бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады) мынадай толықтыру енгізілді: оның ішінде «бұрылыс және айналым». Бұдан былай тек қана қарсы бағытқа шыққан автокөліктер ғана емес, тұтас сызық арқылы айналым жасағандар да қарсы жолаққа шыққан деп есептеледі.
3.    Медициналық тексерістен өтуден бас тартқан (613 бап) және көлікті мас күйінде жүргізген жүргізушілер бұдан былай екі жылға емес, үш жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылады.

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің іс-әрекетін тіркеу үшін көлік құралын тоқтатқан жағдайда жүргізушілерге фото-және бейнежазба жүргізу құқығы берілді.

Демек, жаңа Заңда "жолдағы тәртіпке қойылатын талаптарды күшейтетін нормалар" бар. Мәселен, қарсы жолаққа шығып кеткені үшін жүргізуші куәлігінен айыру жазасы, масаң күйде көлік жүргізгені және ішімдік ішкенін анықтайтын тексеруден өтуден бас тартқаны үшін 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы енгізілген. Сонымен бірге, заң бойынша, жүргізушілердің көлікті тоқтатқан кезде полицей әрекетін фото немесе видеоға түсіріп алуға құқығы бар. Заңның ескі редакциясында бұл нормаға тыйым салынбаған, бірақ бейнежазба сотта айғақ ретінде қаралмай келсе,  жаңа түзетулерге сәйкес, апат орнында немесе жол үстінде болған өзге оқиға орнында түсірілген видео сот материалына айнала алады. Алайда,  көлік жүргізуші полицей талабын мүлтіксіз орындауға міндетті.

Г. НАРҒОЖАҚЫЗЫ

Поделиться:

Просмотров: 9