Алаш қозғалысының тарихтағы орны

                 Рухани жаңғыру      

 «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалары күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Алаш қозғалысына тек жалпылық тұрғыдан ғана баға беру тарлық етеді. Қозғалыстың өз дәуіріндегі тарихи мәні айқын. Сонымен қатар,  рухани жаңғырығының дәйектей түсер тұстары мол.
Көрнекті алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевтің  сөзімен айтсақ, алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген – ұлттық идея.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу    мемлекеттік университетінде  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру мақсатында Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өтті.

39т Арыстардың өмірі арқау еткен «Алашорда қозғалысының ұлт тарихындағы орны мен маңызы» атты бейнефильммен конференция ашылды. Одан кейін архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Төлеужан Ғұмар тізгін ұстаған басқосуда Алаш қозғалысын зерттеуші, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді алғашқы болып сөз алды.
-    Алаш қозғалысын зерттеу барысында Мәскеу сынды бірнеше қаланың және НКВД архивтерін ақтарып, тарихи құжаттарды саралап, оның халыққа қажетті тұсын айшықтап көрсетіп жүргеніміз көпке мәлім. Соның негізінде «Алаш қозғалысы» атты 2 томдық монографиялық кітабым жарық көрді. Кезінде Алаш арыстарының атын атай алмайтын күнді басымыздан өткерсек, бүгін қайраткерлердің ерен ерлігінің арқасында өзге халықтармен тең дәрежеде ғұмыр кешіп жатырмыз. Жер жаннаты атанған Жетісудың төріне келгенде Алаш қозғалысы туралы көңілде жүрген көп дүниенің басын шалғым келеді. Әуелі, ел ішінде «Алаш қайраткерлері ақталды» деген сөз дүркін-дүркін айтылып жатады. Бұл не сөз? Шындығына келсек, ақталатындай кімнің алдында кінәлі еді? Ал арыстар несімен жазықты? Біле білсек, бұл кезіндегі коммунистік партияның шығарған байламсыз пікірі. Біз Алашты жоқтап болдық, енді жоқтай беруді тоқтатып, олардың идеясын жүзеге асыруды қолға алуымыз керек, – дей келе сөз соңында жаңадан жарық көрген «Алаш қозғалысы» монографиялық еңбегінің екінші томдығын университет кітапханасына табыс етті.
Келесі кезекте сөз алған «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес «Х.Досмұхамедұлының оқулықтары – мәдени-педагогикалық мұра» тақырыбында баяндама оқыды. Ғылым докторы Халел жайлы тың деректерді алға тартып, оның қайраткерлігі мен күрескерлігін баяндады. Сонымен қатар, Әлімхан Ермеков математик, Мұхамеджан Тынышпаев теміржолшы, Халел Дос-мұхамедұлы дәрігер болғанына қарамастан ұлт мәселесі сынға түскен шақта руханият пен ел саясатына да бірлесе араласқаны, бір өзі бірнеше институттың жұмысын атқарып кеткен алыптардың өмірі және атқарған ісі тек гуманитарлық сала қызметкерлеріне ғана керек болып қалғаны да айтылды.
«Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады» деп Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде жазғандай  Алаш қайраткерлері тіл арқылы және іс арқылы көптеген белесті бағындырды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқытушылық қызмет етіп жатқан тарих ғылымдарының докторы Осман Кабадайы сөз алып, Алаш тарихына түрік халықтары арыстар жайлы Түркия мемлекетінің баспасөзі де жиі сөз қылатынын атап өтті. «Мағжан Жұмабаев бастаған ақын-жазушылардың шығармасын түрік тіліне аударып, бастыруда  біраз шаруалар атқарылып жатқаны  бауырлас елдің қазақ тарихына немқұрайлы қарамайтынын көрсетеді» деп қазақ арыстарының шоқтығы биік екенін тағы да аңғартты.
Соңғы сөзді тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев «Алаш қайраткері – Ыбырайым Жайнақов» тақырыбында баяндама жасап, Алаш ардақтысының тұлғалық болмысын, тағдырдың талай сынағына іліккен Алаш қайраткері мәңгі жасайтынын алға тартты.

Кез келген мемлекеттің тарихы сол елдің, халықтың тәуелсіздік жолындағы саяси күресі тарихымен, өзектес келеді. Ал саяси күрестің нәтижелі болып, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруы оны басқарған қайраткерлердің еңбегі мен басшылыққа алған саяси және құқықтық ілімдерінің өміршендігіне байланысты екендігін "Алаш" партиясы дәлелдеп өтті.
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі келбеті мен мемлекеттігіміздің  негізі болып табылатын алғашқы заманауи саяси Алаш партиясы  мен  «Алашорда» үкімет арыстарының атқарған ісі мен ерен еңбегі мәңгі өшпес мұра.

Ардагүл ӘСКЕРБЕК

  

Поделиться:

Просмотров: 24