Бағаналары көп көшеде тyнгі жарық неге жоқ ?

Осы тақырыппен өткен жылдың қараша айында Талдықорған қаласы Қаратал көшесінің тұрғыны И.Сайфутдинова Талдықорған қаласы  әкімінің сол кездегі  міндетін атқарушы А.Түкібаевқа біздің газет арқылы (25.11.2016. газеттің  № 47 санында)   ашық сауал жолдаған еді.
Әкімнің  орынбасары  жұмыс бастылығынан ба, әлде,  шенеуніктерге тән кеудемсоқтықпен  газеттен арнайы сауалнама-хат күтті ме, ол жағы бізге беймәлім, тұрғынның  бұл сауалына әлі күнге дейін жауап жоқ. Көше, байғұс, сол қараңғы күйін кешуде. Енді сол хат мәтінін қайта қайталасақ... мүмкін, А.Түкібаев мырзаның ендігі  қолы босаған болар, жауап жолдағанға?

15zТалдықорған қаласының Қаратал көшесі  бұрынғыға қарағанда  біршама өзгерді. Көшеге жаңа асфальт төселді, тротуар салынды. Аялдамалар  да белгіленіп, барлық жерде болмаса да  жауын-қардан қалқа болар  екі-үш аялдама   салынды. Тұрғындардың тілегі ескеріліп, 8-ші наурыз көшесінің тұсына  автобустар аялдайтын болды.  Жазда біраз жылдардан бері арықтан ақпаған су да  жүретін болды. Мұның бәрі  қалалық әкімдіктің ықпалы негізінде жасалған жұмыстар еді.  Әрине, жақсы жағынан  айтқанда, ауқымды шаруа.
Енді ойда жүрген  бір сауалымыз – ол осы көшеде   түнгі жарықтың жоқтығы.  Орталық көшелерде жарық екі қатардан  қойылса, бұл көше түнде көзге түрткісіз қараңғы қапас . Көшеде сауда- саттық орындары, мейрамхана, сүт зауыты, ең аяғында облыстық аурухана, одан ары қарай балалар санаторийі бар. Сол маңда тұрғындар «дөкейлердің ауданы»  деп  атаған  жаңа көшелер бар. Балабақша бар. Балаларымызды  күз-қыс мезгілінде  алып қайтқанда тас қараңғы жерде тұрамыз автобус күтіп.
Қаратал көшесінің  бойында  екі жүздей  ағаштан жасалғаны  бар, бетоннан жасалғаны  бар   бағаналар  орнатылған. Бұл көшеге келіп тірелетін оннан астам көлденең көшелер бар.  Ал сол бағаналарда  орнатылған электр жарығы неге жоқ?
Қыстың күні күн қысқа, ерте қараңғы түседі. Жұмыстан қайтатын жұрт бар, мектептен қайтатын  балалар бар. Автобустан түскенде сығалап, жолдан абайлап өтеміз. Өйткені қараңғыда түк көрмейміз. Кейде автобустың артынан зуылдап тоқтамай өтетін көліктердің  жарығы ғана  жол көрсетеді. Зуылдап өтетін көліктер демекші, бұл көшеде жылдамдықты шектейтін жол белгілері де қойылмаған. Көшеге балаларды шығару  да қорқынышты. Қойылған жол белгілері де шатты-бұтты теріс қойылған дүниелер.
Бәрін айт та, бірін айт демекші, көшемізге жарық жүргізуге ықпал етсеңіз деген өтінішімді  осы газет арқылы жеткізгенді жөн  көрдім.

Қаратал көшесінің тұрғыны
Ильвира Сайфутдинова

Поделиться:

Просмотров: 221