Дін — дін деп едік …

Пікірлер

Мақсат:
- Салафи ма ханафи ма -  маған бәрібір. Өйткені менің діни сауатым жоқ. Әйтеуір, құдайға сенеміз, пейіліміз адал, кісіге жамандық жасамаймыз. Анда-санда мешітке барып құран оқытамыз, өлгендердің аруағына арнап. Соның өзіне мәз боламыз. Ал дәстүрлі дін деген не, ағымдағы дін деген не – кешіріңіз, одан еш хабарым жоқ.
Ахметбек:
 - Ал енді «әумин» деп бет сипағандарға айып салып жатыр дейді. Бұл несі тағы? Түк түсінсем бұйырмасын! Дін деген тазалық - деп елдің мойнын дінге, мешітке   зорға бұрғанымызда дін уәкілдері «әумин» үшін мешітке келгендерді  айыптап жатқаны несі?
Есімхан:
- Лаңкестік - дін төңірегінде жүргендерден келіп жатыр деген тұжырымдар көбейді. Дін дегеннен түсінігіміз мүлдем жоқ емес, бірақ  еліміздегі террористік  деп табылған бірнеше шабуылдарды жасаған діндарлар екеніне қалай сенеміз? Уахабиті бар, салафиты бар – сонда оларға Қазақстаннан не керек елді дүрліктіргеннен басқа? Осы сұрақтарға жауап беретін бізде сауатты имамдар бар ма екен?
Міне, біздің журналистерімізге осындай сұрақтар  қойған  жоғарыдағы қала тұрғындарының сұрақтарына жауап іздеген едік.

14g«Аумин»  сөзін дауыстап  айтқандар айыппұл төлемек

Расында да, Ахметбек айтқан «әумин» дегендерге айып салыпты деген деректі мен де ғаламтордан оқыған едім. Бұл Маңқыстау өңірінде орын алған жағдай екен. Яғни мешіттерде намаздан кейін «әумин» деп дауыстап  бет сипаған 4 адамға әрқайсысына 113500 теңге көлемінде сот арқылы айып салынған. Сөйтсек, мұндай тиымды 2016 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының аумағында терроризмге қарсы күрес орталығы салыпты.   Тіпті, намаз уақытында аталмыш сөз айтылғанын естіген адам  бірден оның кім айтқанын тиісті орындарға хабарлауы керек екен. Өте қызық нұсқау...
Біз бұл туралы Еркін ауылдық мешітінің бас имамының көмекшісі Рапих Фарухтың пікірін білген едік.
«Ханафи масхабында «әумин» деген сөз  іштен айтылуы керек. Сонда сауап та мол жиналады. Хатима болмауы үшін дінде «әумин» - ді ішінен айтылғанды дұрыс көрген. Біз діни басқармасының қаулысымен бұл сөзді қолданып келдік. Мен халыққа бұл  жөнінде үгіт-насихат жүргізе алмаймын. Еркін заманда әркімнің  өз еркі біледі. Заңда тиым салынып жатса, оған да айтар қарсылығым  жоқ» - деді имам.
Түсінгеніміз, бұл мешіттің иесі «әумин» деп дауыстап айтып қалған кісіні айыпқа тарта қоймайтын секілді. Бірақ мешітке келушілерге осы жөнінен  түсінік жұмыстары кеңінен айтылуы  керек тәрізді. Өйткені мұндай тиымды  бұрын естіген емеспіз.

«Әуминмен» алысқанша - лаңкестікпен күресейік

Былтыр Қазақстанда жаз айларында екі лаңкестік оқиға орын алғаны баршамызға мәлім. Оның бірі Ақтөбеде, екіншісі іле-шала Алматыда  орын алды. Бүгінгі Қазақстан үшін ең басты лаңкестік қауіп - дәстүрлі емес діни ағым саналатын сәләфилік ағымынан болып отыр – деген  ҚР Ұлттық қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков тағы мына деректерді айта кетті: Елімізде 2016 жылдың  көрсеткіштері бойынша   дәстүрлі емес діни ағымдардың 32,1%-ы, жат ағымда жүргендердің 90,7%ы анықталды",
Білісбеков мырза келтірген деректердің тағы бірінде  халықаралық террористік шараларға, соғысқа қатыспақ болған 91 қазақстандық құрықталыпты. Шетелге діни сауат ашуға кеткен 81 студент  елге қайтарылған.
"Есептік кезеңде анықталғандай, елімізде жасалмақ болған 12 террористік актінің жолы кесілген. Құзырлы органдағылар 123 радикалды темір торға тоғытты", - дейді Білісбеков мырза өз баяндамасында. Ал  ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Дін істер комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің айтуынша, Қазақстандағы салафиттердің саны 15 мың адамға жеткен.
Осыған қарағанда елімізде экстремистік идеология кеңінен қанат жайған. Ал осы құбылыспен күресудің тәсілдері қандай? Бәрін бас салып қамай бергенше  ел арасында үгіт-насихат жұмыстарын кім жүргізуі керек, немесе қалай жүргізу керек? Бұл сұрақтарға кім жауап береді?
Діни экстремизмге  қарсы  күресте біз  жасыратыны жоқ, әзірге дәрменсізбіз. Өйткені жасалып жатқан жүйелі жұмысты  байқамадық. Бірақ  діни экстремизммен күресетін 2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарлама  жасалмақшы деген жоспар бар дегенді естіп қалдық.

14hДіни экстремисті тану оңай емес

Әрине, мен экстремиспін – деп өзін өзі  көрсететін ешкім жоқ. Және оны тану да оңай емес. Кімнің ішіне кім кіріп шығыпты? Тек ұлттық қауіпсіздіктің төңірегінде жүрген  секемшіл мамандар болмаса.
Сонда экстремистер біздің елімізге  қайдан келді? Әрине, олар айдан келген жоқ.
Олар өзіміздің мешіттің төңірегінде шолақ дамбалмен жүрген өзіміздің  шала діндарларымыз. Шала арабша тілімен құран оқуды үйреніп алып, өзін Мұхамет пайғамбардың үмбетімін деп, бірі ағымына сәйкес үш тал сақал өсірсе (салафиты), ал енді бірі - қауғадай сақал өсіріп( ол уахабиты), ақша үшін жанын сатып жіберетіндер. Жихадқа дейін баратындар. Сирия соғысына кеткендері қаншама?.. Бірақ, өкініштісі солардың ішінде өзіміздің қазақ  ұлдары  жүр.
-Арақ ішіп, анаша тарқанша  мешітке  барсын, құдайға сенсін – деп едім, ұлымды намазға жығып,  енді ұлым сандырақтап, маған қайдағы жоқ уағыздарды айтып, сөйтіңіз – бүйтіңіз дейді. Тіпті, әйелін де айтқанына көндірейін –деп еді ,ол байқұс ондай діни тәртіптен шошып, әкесінің  үйіне кетіп қалды. Екеуі ажырасып кетті. Ұлым болса гипнозда жүргендей мәңгіріп кетті.  Дін дегеніңіз апиын деуші еді баяғыдағы кеңестік атеистер. Мен үшін сол дін дәл солай болып тұр. Ұлым екеуміз бір-бірімізді  түсінуден қалдық... - дейді менің бір танысым.
Лаңкестік - дін төңірегінде жүргендерден келіп жатыр деген тұжырымдар көбейді.  Дінге сенген адам қалайша террорист болады? Ал имамдар не дейді бұған?
Алмас Сағидоллаұлы, «Нұр» мешітінің бас имамы:
- Мұсылман адам лаңкестік дегенге бармайды. Нағыз «ислам» деген сөздің өзіне қарайтын болсақ,  бейбітшілік, мейірімділік деген сөз. Екі мұсылман бір-біріне «ассалаумағалейкум - уағалейкумассалам» деп сәлем беруінің мағынасының өзі  «Сізге Алланың сәлемі мен жақсылығы, тыныштығы, берекесі болсын»  дегенді білдіреді екен. Осылай бір-біріне тыныштық тілейтін адамнан қандай террорист  немесе экстремист  шығады?
Мысалы, адамдар бір- біріне тыныштық тілейді. Ненің тыныштығы? Ол -отанның тыныштығы, отбасының тыныштығы, жердің тыныштығын тілейді. Кәміл мұсылман ол тілімен де, ісімен де ешқандай зияндылық келтірмейді. Сондықтан лаңкестікке бармайды – деп ойлаймын. Себебі, бұны жасайтын  діндарлар емес , діннің атын жамылған саяси көзқарастағы адамдар.  Аллаға құлшылық еткен, Алладан қорқатын адам бұндай іске бармайды, бұндай іске жоламайды.
Мухамед пайғамбар ондайдан ада болған  екен. Бірде Меккеде  Мұхаммед пайғамбарымызға ғұламалар айтқан екен: байлық болса - байлық берейін, билік десең- билік берейін! – дегенде, пайғамбарымыз  «бір қолыма айды, бір қолыма жерді берсе де, маған ештеңе керек емес, ислам дінін насихаттаймын, басқа байлық керек емес - деген екен. Ислам діні осындай. Байлықта болайық, билікте болайық   ислам діні басқа дінге бағынбайды. Сондықтан мен ойлаймын, нағыз мұсылмандар бес уақыт намазын оқып, тәубесін айтып жүргендер - жамандыққа бармайды. Діннің атын жамылғандар - баруы мүмкін.
- Сонда оларға Қазақстанды дүрліктіргеннен  не түседі?
- Ондай дінде жүріп лаңкестік жасайтындардың   не көздегенін біз білмейміз ғой. Негізінде, лаңкестік жасайтындардың түпкі мақсаты халықтың, мұсылманның арасына іріткі салушылық .  Дін мен дәстүр бір-бірімен егіз ұғым.  Халықтың арасына іріткі салу, елді дүрліктіру - бұл үлкен күнә болады екен. Бір-біріне айтақтау немесе  тыныштықты бұзу біздің  дінде жоқ.  Бірақ айтылып отырған  мәселенің жауабын нақты айта алмаймын...

Редакциядан:
Иә, біздің нақты қойған сауалдарымызға екі имам да  нақты жауабын дөп басып айта алмады. Менің оймша, сол діни экстремистердің  ең алдымен намазға жығылатын жері – ол мешіт. Ал мешітке  сен кел,сен келме – деп  те ешкім  шектей алмайды.  Құдай – деп келгендердің бәрі намазға жығылып, мешітке барады. Ойымды, ниетімді  тазартам деп барады. Ал шолақ дамбалды діндарлар  немесе қауға сақалдылар сонда  уағыздарын қайда  жүріп таратады?  Салафиттер де, уахабиттер де  мешіт маңайында жүрген жоқ па?

Баян Таңатарова
Имамдармен сұбхаттасқан Әсемгүл Қалиғажы

Поделиться:

Просмотров: 123