Келіні жақсы үйдің керегесі алтын

IMG_5373Осы босағаға келін болып түскеніме биылғы  тамыз айында  43 жыл болады екен. Сол кезде  «қандай әулетке келдім»  деген күпті көңілім күн өткен сайын ұлғая түсті... Жасыратыны  жоқ, бір үйдің, бір әулеттің үлкен келіні екенімді сезсем де, маған ондай ықылас көрсете  қойған ата мен ене бола  қойған жоқ. Оларды бүгін түсінсем де, сол кезде ол айырмашылықты түсінетін ақыл менде бола қойған жоқ. Өйткені мен ұлттары аралас отбасына келін болып түстім. Ұлты қазақ атам  менің қадамым  «құтты келін болсын!» -деген таза ниеті болса да, оның екінші әйелі, яғни, менің тумаған енем ретінде саналатын  атамның  орыс  әйелі, мен үшін өгей  ене  екенін барлық қылығымен танытып тұрды...

Мүмкін, мүлдем олай емес шығар. Бірақ бір салқындық лебі мен үшін сезілді де тұрды. Атам мен енемді түсінбесем де біз артық сөз бен артық өкпеге орын бермедік.
Біз күйеуім екеуміз бірден бөлек отау құрдық. Себебі тумаған енемен бірге тұру ауыр болды. Туған енемен де бірге тұру қиын екенін айтатын келіндердің амал-сылтаулары мен үшін ол кезде тіпті орынсыз көрінетін.Әдетте, қазақтың отбасында келіннің тәрбиесімен енесі айналысушы еді. Мен қандай тәрбие көрдім? Өз анам мен ол кісінің арасындағы өмірге деген көзқарастарындағы алшақтық айқайлап тұрды. Алайда әлі күнге дейін аз да болса өгей енемнен алған тәлім-тәрбиені ұмытар емеспін. Ол оң тәрбие болғанын айтқым келеді.
Қазақи тәрбиені ерекшелеп айтпасақ та, жас келінге байланысты әдет-ғұрыптарды өзге ұлт өкілдері де сақтай білуге ұмтылатынын байқадым. Мәселен, мен босанған кезде ұлты өзге енем бірінші болып келіп, менің алғашқы перзентімді шомылдыру рәсімін үйретіп, одан кейін баланы емізуге байланысты ғұрыптарды да бойыма сіңіріп, үйреткені есімде. Сол әдептердің бірі - ұлты қазақ емес енемнің «нәрестесі бар жас әйел ешуақытта анарын жалаңаштамай, жеңіл жөргекпен кеудесін көлегейлеп отырып емізу керек баланы! Баланы ер адамдар алдында отырып емізу дұрыс емес!» деген ережелері санамда қалыпты.
Осындай әдептілікті бойыма сіңірген орыс енем маған ұзын көйлек киіп, басыңа орамал тағып, ертелі-кеш үлкендерге сәлем сал! – деп талап қойған жоқ. Өзіме ұнайтын еркіндік болды. Бірақ ол кісі үйреткен әдеп барлық ұлтқа ортақ тәрбие екенін түсінгендей боламын. Бір қызығы ұлты өзге болғанымен енем басынан орамалын тастамайтын. Қазақша таза сөйлейтін. Капуста турау, борщ жасау, тосап қайнатудың әдістерін де үйретіп бақты.
Енемнің тәрбиесінен есте қалғандары осы болса, атамның өзіме деген ықыласынан есте қалғандарын да айта кеткім келеді. Атаммен екеуміз пәлендей тіл табысып кете қоймадық. Алайда, ол кісінің маған деген ықыласы ерекше екенін сезетінмін. Сырт көзге дөрекілеу көрінгенмен, өзіне тән биязылығы болатын. Оның үстіне, күйеуім де, кейде «ой, мен сенің әкеңді түсінбей-ақ қойдым» - деп реніш білдіргенімде «әкемнің алдында артық сөйлеме!»- деген бір ауыз ескертпесін есімде ұстап тұратынмын. Ал атам болса өле-өлгенше маған бір ауыз «сен» деп көрген емес. Ол кісі мені ұдайы «сіз» деуші еді. Алғаш рет аяғым ауырлаған кезде дүкеннен консервіленген болгар қиярын әкеліп бергені есімде.
- Мынаны жүрегіңіз айныған кезде ішіп - жеп алсаңыз, басады. Бірақ көп ішпеу керек, ішінде уксусы бар, ол зиян! – деп ескертетін. Бұл да тәрбие екенін енді ғана түсінгендеймін.
Қазір өзім де енемін. Екі келінім бар. Мінездерінде маған ұнамайтын жақтары бар. Бірақ оларды «енемін» - деп қысқым келмейді. Өздерінің отбасынан алған, анасынан алған тәрбиесімен келді босағама. Сол алған тәрбиелерінің «қызығын» енді мен көріп жатырмын. Бір қылығы ұнаса, екінші бір қылықтары ұнамай жатады. Әр отбасының өзінің уставы бар емес пе? Кейде сол «Уставты» олар бұзып жатады. Маған ұнамайтын жақтарын өзіміздің отбасына сәйкестендіру үшін көп күш жұмсауым керек екенін түсінемін. Қаттырақ айтайын десем, ренжітіп аламын ба – деп алаңдаймын. Оның үстіне олар алды-артын байқамайтын, жастары уылжыған емес, орта көріп, оқу бітірген, өмір тәжірибесі бар, ақылдары да бар «современный» келіншектер.
«Келін жақсы болса, үйіңе көп кісі келеді.
Келін жаман болса, келген кісі кеткісі келеді.
Ас құй десең - төккісі келеді,
Төкпей құй десең - сөккісі келеді» , — деген Шал ақын келіндердің мінез-құлқы әртүрлі болып келетінін ескерткендей. Сол әртүрлі мінездерден қашып, шамасы келгендер баласы мен келінін бөлек шығарып құлақтары тыныш табуда. Ал ондай мүмкіндіктері жоқтары келіндерімен керілдесіп, келіндерінің табақ салдырына шыдап бағуда. Ал үшінші біреулер – келінмен бір шаңырақта бірге тұрып, тәрбие мен өнегесі арқылы отбасының шырайын келтіріп, татулық пен ынтымақтың үлгісі болуда.
Осы орайда ене мен келін деген тұлғалардың қарым-қатынасы өте нәзік те, өте күрделі институт екенін түсіндім. Өз балам ретінде бауырыма басқым келгенімен, ол өзге біреудің тәрбиелеген баласы, менің айтқаныма ажырая немесе бажырая қалса – «майдан» ашылып кетпей ме? – деп те сақтанамын. Ондай бола қалса, ашуым жаман, үйден қуып жіберуім де мүмкін. Ал ұл оны қалай қабылдайды? Әйелінің сөзін сөйлеп, менің жер-жебіріме жетіп жүрсе қайтемін? – деген қауіп те бар. Құдай сақтасын, бұл тек менің күдігім ғой. Тәрбиелі жерден шыққан келіндер ондайға жол бере қоймас.
kelinkaБірде енелер болып бас қосқан жерде «келіннің жақсы адам болып қалыптасуы, көп жағдайда, қайын ененің тәлім-тәрбиесіне байланысты» деген сөзге таластық. Анасы санасына сіңірген тәрбиеге қалыптасқан келінді ене қалайша өзгертпек? Ененің ескертпесін қабылдап, оған құлақ асатын келін бар, «өзім білем» дейтін кердеңдеген келіндер бар. Ене мен келін арасындағы ұрыс-керіс осыдан басталмай ма? Әзірге ұлдарымның алдында да, өзгелердің алдында да келіндерімнің абыройын ашатындай керістерге барған жоқпын. Бәріне төзімділікпен қараудамын.
Ал өз қызым - бір отбасының келіні. Кейде енесінің бір қылықтарын ұнатпай қалған кезде, өзінше бір теріс мінезін байқатып қалады. Мен содан ұяламын. Қызыма айтамын:
- Әй, көргенсіздің қызы дегізбей, енеңнің айтқанын бұлжытпай орында. Ол сенің екінші анаң. Келін – бір жанұяның діңгегі, отбасындағы әрбір мүшенің тәрбиешісі. Ол – өнеге беретін тұлға. Өзің де екі ұлың өсіп, ене боласың, басыңа тез-ақ келеді. Сондықтан қызымның қайын енесі мен қайын ата, қайынағаларын, ағайын-тумаларын құрметтей білуін талап етемін, отбасында тәрбие көріп өскен қыз екенін көрсетсе деймін.
«Келін ененің топырағынан жаралады» дейді халық. «Современный» қайыненелер, «современный келіндермен» жаңа үлгідегі қарым-қатынас құра білуі қазіргі қоғамның талабы деуге болады. Ең бастысы – түсіністік. Адамгершілік. Ізгілік пен мейірімділік. Бойында осы қасиеттері бар әйелдер жүрген жерде береке мен ынтымақ жүретіні рас.

Баян Танатарова

Поделиться:

Просмотров: 1293