Жазғы маусым қандай өзгерістер әкеледі?

14fМедициналық сақтандыру, ұлттық бірыңғай тестілеу, балалардың жазғы демалысы мен  жастар мәселесі... Алдағы  жазғы маусым әлеуметтік салаға біршама жаңалықтар енгізбек. Жаңа өзгерістерге бүгінгі таңда аудандар мен қалалар қандай дайындық үстінде? Атқарылған жұмыстардың  деңгейі. Шешілмеген мәселелердің түйіні. Осының бәрі өткен аптаның соңында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың басшылығымен өткен селекторлық жиналыста түбегейлі талқыланды.

Әлеуметтік сақтандырудан не білеміз?

Көптен бері елді елең еткізген әлеуметтік медициналық сақтандыру аяң басып, өмірімізден өз орнын алып келеді. Аяң басқандығы соншалық, тіпті кейбір аудандарда бұл мәселе тек қағаз жүзінде жүргізіліп келе ме дерсің. Қарап отырсақ, аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары жаңа реформаның маңыздылығын әлі де жетік түсінбеген сыңайлы. Өйткені саны бар сапасы жоқ бос сандар қағаз бетінде әлі де тайраңдап жүр.
Мысалы, Райымбек ауданының мәліметінде сақтандыру мәселесіне қатысты 108 кездесу өтсе, Сарқан ауданында небәрі 8 кездесу өтіпті.  Бірінде көзбояушылық, екіншісінде салбырттық. Ал осындай көрсеткіштердің «жемісін» ертең қажетті медициналық қызметті ала алмаған қарапайым халық көретінін ойласақ, бұл мәселеге қатаң талаппен қарайтын кез келген сияқты.

14sАйта кетейік, жыл басынан бастап елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кезең-кезеңмен жүзеге асыру жұмыстары басталды. Үстіміздегі жылдың 1-ші шілдесінен бастап медицина саласы жаңа жүйемен жұмыс істемек. Жаңа бастаманың мақсаты -  отандық медицинаны еуропалық талаптарға сәйкестендіру. Яғни, қоғам үшін де, азаматтар үшін де тиімді деп күтілуде. Жүйенің негізгі фундаменті – ол тұрғындардың әлеуметтік мәртебесін анықтау. Өйткені мәртебесіне қарай олардың төлем түрлері де әртүрлі болады екен. Осыған байланысты былтырдан бері облыста арнайы құрылған штаб жұмыс істеп келеді.
Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәния Наурызбаеваның айтуынша осы уақытқа дейін облыс аумағында  азды- көпті  біраз жұмыстар атқарылған.
Нақтылап айтатын болсақ, облыс бойынша 542 кездесу өткізіліп, 66649 адам қамтылған. Ал мәртебесі анықталмаған тұрғындардың саны 6600-дей болса, бүгінде оның 4000 анықталған. Сонымен қатар 246 ауылдық округта «Е-халық» ақпараттық жүйесі орнатылған.

14dЖұмыстарға талдау жасаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
- Біз кем дегенде  миллионнан астам адамды қамтуымыз керек. Ал бүгінге жасалған жұмыс небәрі 4 пайызды құрайды. Бұның бәрі аудандарда жүргізіліп келе жатқан жұмыстарға байланысты. Салғырттық көп. Сөйлеген кезде сөздеріңізді жүйелеп сөйлеулеріңіз керек. Ойларыңыз шашырап, түсініксіз айтасыздар . Оны әріптестеріңіз түсініп отырған жоқ, - деп , «облСОБЕС» басшысына сын-талап қойды.
Жақсылық Омар жиналғандарға бұл ауқымды жұмыстың санақ жүргізумен бірдей екендігін түсіндірді. «Әлеуметтік сақтандыру бойынша және осыған байланысты  тұрғындарды ақпараттандыру, құлақтандыру өте күрделі жұмыс. Өздеріңіз де оқып, танысыңыздар, түсінбейтін жайттар болса, Алматыдан арнайы мамандар шақыртайық, қалай болса да осы мәселені 1-шілдеге дейін бір жүйеге келтіру міндет» -  деп облыс және аудан мекемелерінің басшыларына тапсырма беріп, олардың  апта  сайын мәлімет беруін талап етті.
Сонымен, жаз маусымына дейін медициналық сақтандыру бойынша 3 мәселе қатаң бақылауда болады. Бастысы - 12 мемлекеттік органдармен келісіп жұмыс істеу,  жұмыс топтарын құрып, мәртебесі әлі күнге дейін анықталмаған адамдардың үйін аралау.

 Жаз жайнатып, күн күйдіріп...

Жаз мезгілінде қатаң жауапкершілікті талап ететін тағы бір мәселе – ол балалардың жаздық демалысы, яғни лагерлер мен басқа да демалыс орындары. Бүгінде облыс аумағында 33 лагерь, 470 мектеп жанындағы тамақтандыратын лагерлер  және 380 палата, киіз үй лагерлері бар екен. Бұл мәліметті Алматы облысы білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова берді.  Баяндаушы,  жаз уақытында Тіл мектептерінің ұйымдастырылатынын да атап өтті. Бүгінде волонтерлік жұмыстарға шет тілдерін білетін жастар мен студенттер қамтылуда.

14aЖалпы, жазда шамамен  20788 бала лагерьлерде дем ала алады екен. Ал, «лагерлердің ашылу мерзіміне дейін атқарылған жұмыстар қанағаттанарлық емес» - деді облыс әкімінің орынбасары. Нақты сұрақтарға нақты жауап беретін жауапты адамдар,өкінішке орай, жиналысқа шақырылмаған. Әсіресе мүгедек балалардың демалыс орны туралы өзекті сұрақ жауапсыз қалды. Бар білгеніміз - барлығы тендерді ұтып алушыға байланысты екен.
Өзгеріске жиі ұшырайтын бірыңғай тестілеу мәселесі де жүйелі жұмыстарды талап етеді. Биыл мектепті облыс бойынша  14171 түлек бітіреді. Олардың ішінде  бірыңғай тестілеуге  қатысатындары - 10814. Қалғандары ҰБТ-ға қатыспайтын балалар. Олар кімдер, және не үшін қатыспайды? Бір сөзбен айтқанда олар мектеп, аудан, қала көрсеткіштеріне кері әсер ететіндер.  Ойландыратын сұрақ.
Сонымен, селекторлық отырыс екі сағаттық жұмысын аяқтады. Жауап та алынды. Талап та қойылды. «Ауру кетсе де әдет қалмайды» демекші, бір өкініштісі - өмірлік тәжірибелері мол облыс, аудан деңгейіндегі басшылардың  әлі де қағаз бетіне тәуелді екендіктері. Қағаз бетіне үңіле бергендері жасалған жұмыстарын дұрыс көрсете алмауының  көрсеткіші болар.
Осы орайда Ж.Омардың  «Ақпаратты берген кезде ойлану керек шығар. Бүгін «100 қойдан 180 қозы алдық» деп көпіретін кеңес заманы емес, сондықтан цифрларыңызға жауапты болыңыздар» - деген сөздері әбден орынды.

Гүлжанат РАМАЗАНОВА

Поделиться:

Просмотров: 149