Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз. Бірақ…

19n10 маусымнан бас талатын облыс аумағындағы оқушылардың жаздық демалыс науқаны «Жаңа ұрпақ – Нұрлы жаз» деп аталды. Биылғы жазғы демалысын оқушылар  30 қала сыртындағы,  200 палаталық, 929 мектеп жанындағы лагерлерде өткізеді деп жоспарлануда. Бірақ облыс әкімінің орын басары Жақсылық Омардың айтуынша балалардың жазғы демалысына байланысты әлі де шешілмеген мәселелер көп көрінеді.

19aӨткен аптаның соңында барлық деңгейдегі басшылардың қатысуымен өткен селекторлық жиналыс негізінен балалардың жазғы демалысына дайындықты талқылады.
Биылғы жылы оқушылардың демалу және сауықтыру шараларына  жергілікті бюджеттен 259 млн 611 мың теңге қарастырылған көрінеді. Бүгінгі таңда Қапшағай қаласындағы ҚР білім және ғылым министрлігіне қарасты «Балдәурен» оқу-сауықтыру  орталығы жұмысын бастап та үлгерген. Бұл лагерьде 25 бала демалып жатыр. «Қалған 29 лагерь дайындық үстінде», деп мәлімдеді облыстық білім басқармасының бастығы Ляззат Базарқұлова.

Биылғы жазғы демалыс және сауықтыру науқанына 272616 бала қамтылады деп жоспарланып отыр. Жаз мезгілін көңілді өткізу мақсатында шығармашылық, интеллектуалды бағыттар, туристік саяхаттар, экспедициялар қарастырылуда.

Сауықтыру шаралары қала сыртындағы  30 лагерде өткізіледі. Оның 10-мемлекеттік, 20 – жекеменшік. Осы күнге дейін қала сыртындағы 30 лагердің 1-ғана эпидемиологиялық қорытынды алған.

Сауықтыру шараларына  жетім балалар, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балаларды қамту қарастырылған.

19sӨз мәлімдемесінде басқарма басшысы  атқарылып жатқан шаралармен қатар, шешімін таппаған мәселелерге де тоқталып өтті. Мысалы, Алакөл ауданында орналасқан «Шағала» мемлекеттік  лагерінің ауыз су мәселесі санитарлық талаптарға сай емес, ал Панфилов ауданында орналасқан «Қарлығаш» мемлекеттік ұлттық-сауықтыру лагерінде техникалық төлқұжаттар рәсімделмегендіктен,  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Анығырақ айтқанда, санитарлық-гигиеналық талаптарды қажет ететін монша, кір жуу орындары жоқ.
Әрине, қайсыбір ата-ана  болмасын баласының жазғы демалысы қауіпсіз, таза, табиғаты көркем жерде өткенін қалайды.

19dСондықтан болар, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар селекторлық жиналыста  байланысқа шыққан аудан әкімдерінің орынбасарларына балалардың жазғы демалысын өз тарапынан қатаң бақылауда ұстайтынын ескертті. Жиында сондай-ақ   Жақсылық Омар аталған кемшіліктердің, негізінен, облыстық білім басқармасының  тиісті бақылау жүргізбегендігінен  орын алып отырғанын айтты.
Мысалы, қала сыртындағы лагерьлер бойынша Райымбек, Сарқан, Қаратал аудандарында тиісті шаралар жасалмай отыр. Қаншама тарихи, табиғи  орындары бар аудандарда лагерлердің жоқтығы әрине, өкінішті.

19j- Ешқандай жұмыс істелмеген. Аудан басшылары қарамайды, орынбасарлар бұл мәселемен айналыспайды, білім бөліміне ештеңенің керегі жоқ. Сіздер қозғалмайсыздар, сондықтан жұмыс өз сарынымен жалғаса береді. Аудандарыңыз табиғаты көз тартатын жерлерде орналасқан, баларға арнап қаншама экспедициялар ұйымдастыруға болады. Тоғыз ай оқу процессінен шаршаған балаларды сол мектепке қайтадан тыққылай бергенше, табиғат аясында демалдыруды ойластырсаңыздаршы, - деп,  лагерлері жоқ аудан басшыларын сынға салды.
Бір лагердің моншасы мен кір жуатын орнын әлі күнге дейін шеше алмай келе жатқан жаркенттіктер де біраз сынға түсті. Қаржы мүмкіндігі мол ірі ауданның кішкентай моншаға «шамасы келмегені» ұят жағдай екен. Болашақта бұндай келеңсіз жайттарды аудан басшылары ертерек ескерер.

19hАлакөл, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Панфилов аудандарында палаталық лагерлердің саны былтырғы жылмен салыстырғанда азайған.

Қаратал, Жамбыл, Ақсу, Көксу, Алакөл, Панфилов  аудандарында,  Талдықорған қаласында балаларды сауықтыру  жұмыстары  облыстық деңгейден төмен.

Ақсу, Балқаш, Кербұлақ, Көксу, Райымбек, Сарқан аудандарында тілдік лагерлер ұйымдастырылмаған.

Талғар, Еңбекшіқазақ, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының лагерлерінде сауықтыру  мәселесі жоғары деңгейде.

Сонымен, біраз күннен кейін лагерлерде оқушыларды қабылдау жұмыстары басталады. Жиында айтылған біраз мәселелер маусымның 10 дейін шешілуі міндет. Қалай дегенмен де, балалардың жазғы демалысының қызықты өтуіне ұйтқы бола білейік.

Гүлжанат РАМАЗАНОВА

Поделиться:

Просмотров: 287