Жол аштырам деп әуре болмаңыз…

Менің бір құрбым бар.Бақсы мен балгер,тәуіптер мен көріпкелдерді  жағалап жүргені ертелі кеш. Үйдегі барлық тыныс-тіршілікке көріпкелдердің көзімен қарайды. Ал олардың  қызметтері,әрине, тегін емес. Бірталай  ақша тұрады әл-шамаларына қарай емес, өздері өздеріне белгілеп алған статусы бойынша. Құрбыммның  көріпкелдерге әбден «бауыр басып» қалғаны соншалық,  не болса соған бал аштыратын болды.
Тіпті соңғы кезде өз алдына үй болған балалары мен күйеуінің қызмет лауазымын өсірем деп әуреленетін болды. Бірақ шын ниетімен жалбарынғанынан ба,әлде  көріпкелдердің құдіреті ме,мүмкін, қалтадағы ақшаның құдіреті ме,білмейміз,әйтеуір тілеуі орындалып жатады.
Бірде ол  құрбылар жиналған жерде  «күйеуімнің  көңілдесі бар екен!сендерге айта алмай жүр едім» – деп  зарлады.
-Қой,жай сөз болар –деп ,оны басып жатырмыз.
-Ойбай, бар ғой ол қатын. Бар. Менімен біреуің жүріңдерші  Бағжан деген балгер апайға, сол айтты маған . Күшті  көріпкел өзі.  Соған  байымды  оқытып тастайын. Барып көрсін содан кейін ол қатынға  – деп ойбайлады. Сенбесек те құрбымыз болған соң ілесіп бардық. Апайымыз бір келісті кісі екен.Отыра қалып құрбымыз оған  өтінішін  айтты. Біраз тыңдаған соң,балгер апай :
-Болды.Бәрі түсінікті.Бажылдай бермей, кішкене  тыныш отыр! – деп дұға оқи бастады.Оқып болған соң алдында тұрған кішкене кеседен түйіршік қанттың 5-6 түйірін алып :
-Мына қанттты күйеуіңе шәй құйғанда  1-ден салып беріп отыр көрсетпей.5-6 күннен кейін күйеуің екеуің қанттай бір-біріңе тәтті боласың – деді.
Расында да күйеуі ешқайда кеткен жоқ.
Бірақ ... Оның  сыртта екінші әйелі  және одан туған баласы бар екені баршамызға аян еді.Әлі күнге дейін олар қарым-қатынаста...

Ақшаға жол аштыратындар

Кейде айналамыздан «жолымды аштырамын» деп тәуіп-балгер жағалап, біреулерге үшкіртіп-түшкіртіп жүргендерді көріп қаламыз. Олар саудасы жүрмей қалса да, баласы үйленбей, қызы тұрмыс құра алмай қалса да, бірден «жолым жабылып қалған» деген қорытынды шығарады. Жұмыстан шығып қалса, жалақысы төмендеп кетсе, кәсібінің бұрынғы қарқыны бәсеңдесе -  бәрін де осылай тұжырымдайды. Осыдан болса керек, ел ішінде «ақшаға жолдарыңды ашып беремін» дейтін қулар да қойдың қиындай көбейіп кетті. Тіпті телеарналардың жүгіртпе жолдарында «100 пайыз кепілдік беремін» деп аңқау елді алдап жатқан алаяқтар шығып жүр.Ал өзіміздің қаланың жарнама газетінде  қаншама  хабарландыру жүр жол ашатындардың. Осындай арамзаларға   тағдырын тапсырып, кезекке бір ай бұрын жазылып қойып, сарылып кезек күтіп жүретіндер де  көбейіп бара жатыр.

47kКеремет сиқыр іздеп, ауырып қалған  емізудегі кішкентайымыз жылап  қолды аяққа тұрмаған соң,сол көріпкелге біз де жазылдық.Кезексіз қабылдайын – деді ол. Бірақ 3 кг ет, 3 кг ұн, 3 кг қант әкел –деді.Осындай «тұз әкел, шәй әкел, қара тауық пен қара қой әкел» дейтін жолашқыштарға арбалып жүргендер қаншама!
Ананы әкел,мынаны әкел деген соң, біз көп сөзді қойып баланы Алматыға әкеттік.Сөйтсек, ешқандай көз тиген емес,қазақтар «жарық» дейді ғой,  «паховая грыжа» деп диагноз қойып, сол жеріне ота жасап, баламыз бірнеше күнде жазылып кетті.
Балгерлерге не үшін барасыңдар дегенде, бәрінің айтатыны «жолымыз жабылып қалған, соны аштыруға барамыз!» деген бір-ақ ауыз сөз. Шындығында солай ма? Адам басына келген сәтсіздікті  өзі жеңбесе ,өзі сараламаса бола ма? Жолдың ашығы, жабығы деген не? Оны кім аша алады? Ал жолын кім жауып қояды?

«Астафиғрулла» жол ашатын дұға ма?

Құрбан айт кезінде мешітке барып құран оқыттық. Ел тарай бастағанда, жеке қалған  имам балаға:
-Балам, жол ашатын дұға бола ма – деп сұрады бір қартаң кісі, - қызымның  жолы болмай жүр жұмыста да,тұрмыста да.
-Иә, ата, жол ашатын дұға бар.Оқып берейін – деп,жас имам  дұға оқыды.
Содан кейін: -Ата, енді балаңыз  күнде «астафиғралла» деген сөзді қайталап айтып жүрсін, сонда жолы болады  -  деп,қарияның қолынан садақа ақшасын алып тайып тұрды бөлмесіне. Еріксіз осы оқиғаның куәсі болдық.
Үйге келе салып,интернеттен «астафиғралла» деген сөздің мағынасын іздедік.Бір құпия күші болса,біз де сол сөзді іштей айтып жүрейік дегеніміз ғой. Таптық. Еш құпиясы жоқ, «Құдай сақтай гөр»деген мағынадағы сөз болып шықты...
Бұл біздің  діни білімсіздігіміздің, діни сауатымыздың  жоқтығын дәлелдейтін тағы  бір ғана мысал. Сондықтан ғой кейбіріміздің сары уайымға салынып, балгер іздеп, дұға оқытып жататынымыз.
Жаман ой ойламай, ниетің түзу, адал болсаң, көмекке зәру жанға қайырымың болса ,жақсы сөз айтып жүрсең –  саған келер жақсылықтардың  жолын сол түзу ниетің  ашып отырмай ма?

Бал ашудың және балшыларға барудың шариғаттағы үкімі

Ислам кз. сайтында  айтылғандай,  Фиқһ ғалымдарының пәтуасы бойынша көріпкелдікпен айналысу(ғайыпты білемін деп жариялау)  -  харам. Және шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша да — харам. Сонымен бірге, ғалымдар «тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам» деп пәтуа берген. Тіпті кейбір ғалымдардың пікірі бойынша, балшыға бару күпірлікке апарады.
Енді балшыға барушы мен бал ашушының жағдайына назар салайық. Бал ашушы өзін ғайыпты білемін деп жатса, ал адам одан ғайыпты сұрау үшін барып жатса, Алладан түскен хақ сөзге анық қарсылық жасағаны. Олар ғайыпты тек Алланың білетінін теріске шығарып, Құран аятына қарсы шығады. Бұл – ұлы күнә!
Балшыға барудың зияны онымен бітпейді. Оған қоса, балшыға бару адамның ғибадатқа барлық жолын жабады. Себебі, келесі хадистерде былай делінген:
«Кімде-кім балгерге келіп бір нәрсе сұраса, оның намазы қырық күн бойы қабыл етілмейді» (Муслим, 2230)
«Кімде-кім балгерге барып, одан бірдеңе жайлы сұраса және сол естігеніне сенетін болса, оның дұғасы, қырық күн бойы намазы қабыл етілмейді». (Муслим және Ахмад риуаят етті)
Балшыға барып жолымды аштырамын деген адам, керісінше өз жолын жаптырып жатқанын білмейді. Көріп отырғаныңыздай балшыға бару, біріншіден, харам, екіншіден, ғибадаттың барлық түріне жол жабады.

Бетті дайындаған Баян Таңатарова

Поделиться:

Просмотров: 176